18 наурыз “Ынтымақ” күні Достық үйіне асығыңыз ағайын!

     Құрметті Тараз қала тұрғындары мен қонақтары18 наурыз күні 10.00 –де Достық үйі және 16.00 – де Тұңғыш Президент саябағында «Қош келдің, әз – Наурыз!» мерекесі аясында «Ынтымақ» күніне арналған Жамбыл облысы Қазақстан халқы ассамблеясының хатшылығы мен  Жамбыл облысы әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» КММ ұйымдастыруымен мерекелік  іс-шарасы өтеді. Бұл туралы  Аlternativ.kz АА хабарлайды.

10.00 – де  Қала тұрғындары жиналғанша Достық үйі ғимаратының ауласында туған жер, ел, достық сынды тақырыпта әр түрлі тілде радиоконцерт қойылады.

Ғимараттың алдына киіз үй тігіліп, алтыбақан орнатылады, сондай-ақ  тоғызқұмалақ, асық, ләңгі және тағы басқа ұлттық ойындар ойнатылып, жеңімпаздарға сый-сияпаттар беріледі. Көне Тараз тарихи-мәдени орталығының ашық алаңында этномәдени бірлестіктердің суретшілер мен қолөнер шеберлердің көрмесі және мастер класс ұйымдастырылады.

Мерекелік іс-шара «Әулие Ата» қазақ мәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің «Дулати жастары» театрының  мерекелік қойылымынан басталып, өңірдегі этномәдени бірлестік өкілдерінің шығармашылық топтары қатысуымен өтетін мерекелік концертпен жалғасын табады.

Достық үйі ғимаратының алдында көп балалы және әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылар, қарттар, жалғызбасты аналар және қала тұрғындары мен қонақтарға арналған киіз үй тігіліп, дастархан жайылады. Қайырымдылық шараларының 2019 жылға арналған күнтізбесі бойынша «Шашу» акциясы өткізіледі, ұлттық тағамдар наурыз көже, бауырсақ, құймақ және палау дайындалып, көпшілікке таратылады. Әр этностың құрметті қариялары бата беріп, аналар шашу шашады.

Ақсақалдар мен жастардың қатысуымен ғимарат алдына шырша отырғызылады.

 

Мерекелік іс-шараның легі түстен кейін жалғасын табатын болады.

16.00 – де қаламыздағы Тұңғыш Президент саябағында бастау алады.       Іс шараға 2 мыңнан астам адамның қатысуы күтілуде.

Жамбыл облысы этномәдени бірлестіктерінің шығармашылық топтарының қатысуымен концерттік бағдарлама ұсынылып, мерекелеу іс шара аясында облыстың ассамблея құрылымдарының қызметі туралы бейнероликтер көрсетіліп, қоғамдық пікір көшбасшылары, меценаттар құттықтау сөз сөйлейді.

Келіңіздер, Ұлыстың ұлы күніне арналған керемет меркелік кештің куәсі болыңыздар!

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған