Жүлде қоры 3 миллион теңге болатын байқау басталды

Жамбыл облысы əкімдігі ішкі саясат басқармасы «Өңірлік коммуникациялар қызметінің» алаңында қалалық «Жамбыл-Тараз» газетінің директор-бас редакторы Эльмира Мырза-Ғали, қалалық білім бөлімінің басшысы Мүбарак Жинақбаева, Д.А.Қонаев атындағы облыстық балалар және жасөспірімдер кітапханасының директоры Гульфайруз Инкарбекова,  «Қазфосфат» ЖШС қызметкерлермен жұмыс жасау бөлімінің басшысы Жанар Оразымбетованың қатысуымен баспасөз конференциясы өтті,-бұл туралы alternativ.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Спикерлер «Кітап оқып, миллионер бол!» көркем әдебиетті оқу байқауы туралы баяндап, журналистердің сұрақтарына жауап берді.

Бүгінгі жастар тарихы тереңде жатқан халықтың өткенінен тағылым алып, келешегі жарқын болуы үшін тәуелсіз еліміз берген барлық мүмкіндікті мүлт жібермеуі тиіс. Бұл ретте ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынов айтқандай,  23 жылға аяқ басып, халықтың құлағы, көзі һәм тіліне айнала білген  қалалық «Жамбыл Тараз» газеті тараздықтарды тағы да қуантып отыр. Қаланың соңғы жаңалықтарын, тыныс-тіршілігін, зор жетістіктері мен әлеуметтік ахуалын алғашқылардың бірі болып оқырманға ұсынатын газетіміз ұрпақтың ұлт тарихына үңіліп, танымын кеңейту бағытында үлкен байқау ұйымдастырды. Көпке үлгі боларлық игі шаралардың бастамашысы болып жүрген «Жамбыл-Тараз» газетінің ұжымы осыған дейін жыл сайын дәстүрлі түрде тәуелсіздік мерекесі қарсаңында «Тәуелсіздік дастарханын» жайып келеді.

Бұл бастама еліміздің түкпір-түкпіріне әлеуметтік желі арқылы тарап, өзге өңірлерде жалғасын табуда. Жуырда ғана, Қала күні қарсаңында шаһардың бай тарихын насихаттау мақсатында «Таразым – тұмарым» фотобайқауын, «Менің киелі Таразым» оқушылар арасында сурет байқауын, «Тараздың ашылмаған сырлары» атты эссе байқауын жоғары деңгейде өткізді. Тараз қаласы әкімдігінің қолдауымен өткен шығармашылық сайысқа шаһардың жас тұрғындары белсене атсалысып, жеңімпаздар марапатталды.

Ал, бүгін ұйымдастырылып отырған байқау оқушылардың танымын кеңейтіп, өресін биіктету бағытында республикамызда тұңғыш рет ұйымдастырылып отыр. Қалалық білім бөлімі мен Д.А.Қонаев атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасы аталмыш сайыстың ұйымдастырылуына атсалысып, газеттің идеясын бірден  қолдады. Ал байқаудың демеушісі «Қазфосфат» ЖШС Бас директоры, ҚР Еңбек ері Мұқаш Ескендіров мырза бастамамыздың ілгері басуына зор ықпал жасап, кітап оқу байқауының өте ұтымды идея екенін жеткізді.

Бұл байқаудан үлкен нәтиже күтеміз. Бір есептен сайысқа белгіленген жүлде қоры оқушыларға үлкен мотивация болмақ. Осы арқылы біз өз өңірімізде кітап оқу үрдісін сәнге айналдыруды көздеп отырмыз. Ақылдастар алқасының құрамы республикаға, өңірге белгілі тұлғалар. Осы кісілермен бірлесіп жасалған кітаптар тізімі оқушыларға ұсынылып, олар кем дегенде 20 кітаптан оқып шықса байқаудың арқасында танымдары кеңейіп, мол мағлұматтар алып, ұшқыр ойлау қабілеттері шыңдалады деген ниеттеміз.

Бүгінгі оқушы – ертеңгі ұлт келешегі. Аздаған уақыттан соң үлкен өмірге аяқ басқалы жүрген жас буын өкілдері үшін бұл байқауда оқуға берілген кітаптар олардың жолдарына төгілген жарық сәуле болмақ. Кітаптың ғасырлар мен дәуірлер тізбегінде адамның ең сенімді серігі екенін ешкім жоққа шығара алмайды.

Ал, «Жамбыл – Тараз» газеті қала халқының сенімді үн парағы ретінде бес ай бойы байқаудың жоғары деңгейде өтуін қадағалап, нәтижесімен бұқарамен бөлісетін болады. Мамыр айының 22-сі күні барлығымыз ең көп кітап оқыған миллионер жеңімпаздың кім екенін бірге анықтаймыз, – деп қорытындылады Эльмира Мырза-Ғали.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған